Anhalt International University Алматы қаласында қазақстандық студенттер үшін білім беру мүмкіндіктерін кеңейтуде

Интернационалдандыруды дамыту аясында Германияның қолданбалы ғылымдар университеті Hochschule Anhalt бакалавриат бағдарламаларымен қатар Қазақстанда оқуға түсуінің жаңа форматтарын іске қосуда. Бұл туралы университет президенті, профессор, доктор Йорг Багдан мәлімдеді.

Германияның мемлекеттік қолданбалы ғылымдар университеті Hochschule Anhalt-тың Орталық Азиядағы жалғыз филиалы Қазақстанда 2024 жылғы қыркүйекте екі ел үкіметтерінің белсенді ынтымақтастығының арқасында ашылды. Anhalt International University Алматы қаласында Energo University инфрақұрылымы базасында жұмыс істейді. 2025 жылы «Электротехника және ақпараттық технологиялар» және «Биомедициналық инженерия» бакалавриат бағдарламалары бойынша толықтай ағылшын тілінде оқитын алғашқы студенттер қабылданды. Осы мақсатқа Қазақстан Үкіметі қосымша білім беру гранттарын бөлді.

Енді қазақстандық талапкерлерге Anhalt International University арқылы Германиядағы бас университеттің бағдарламаларына түсу мүмкіндігі қолжетімді – International Business бағыты бойынша қосымша бакалавриат және Logistics Management бағыты бойынша магистратура. Бұл ретте Германияға ұзақ мерзімге бармай-ақ, аралас оқу форматы қарастырылған.

Бағдарламалардың кеңеюі халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға және Германияның жоғары білім беру стандарттарына сәйкес қазақстандық мамандарды даярлауға бағытталған. Барлық толық ақпаратты қабылдау комиссиясының байланыс нөмірі арқылы алуға болады:

+7 707 837 3377