Қазақстанда неміс университетінің филиалы абитуриенттерді қабылдауды бастады
Алматыдағы Energo University базасында ашылған Hochschule Anhalt неміс университетінің филиалы бакалавриат бағдарламаларына студенттер қабылдауды бастады. Конкурстық іріктеуден өткен абитуриенттерге 100 мемлекеттік грант бөлінген.
Алматыдағы Anhalt International University филиалы екі өзекті білім бағыты бойынша қабылдау жүргізеді:
- «Биомедициналық инженерия»
- «Электротехника және ақпараттық технологиялар»
Бұл білім беру бағдарламалары қазіргі еңбек нарығының талаптарына сәйкес әзірленген. Оқуды аяқтаған түлектер бірден екі диплом — неміс және қазақстандық диплом алады, бұл олардың кәсіби мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді.
Студенттер үшін жайлы жағдай жасалған: оқу аудиториялары мен зертханалар заманауи технологиялармен жабдықталған, бұл электроника, биомедицина және IT бағыттарында зертханалық және практикалық сабақтар өткізуге мүмкіндік береді.
Hochschule Anhalt президенті профессор Йорг Багдан бұл мүмкіндіктің маңыздылығын атап өтті:
«Бұл білімге құштар қазақстандық жастар үшін үлкен бастама. Елден шықпай-ақ, Германияның жетекші университеттерінің бірінің дипломын және жоғары сапалы инженерлік білім алуға болады».
Оқу үдерісі сертификатталған еуропалық бағдарламалар бойынша жүргізіледі. Сабақтарды Германиядан шақырылған білікті профессорлар мен ғалымдар жүргізеді. Бакалавриат аясында неміс тілін оқыту қарастырылған.
Energo University ректоры Ғани Нығыметов ынтымақтастықтың стратегиялық маңызын атап өтті:
«Hochschule Anhalt-пен серіктестік — біздің университет үшін стратегиялық бағыт. Біз студенттерге Еуропаның үздік білім беру тәжірибелеріне Қазақстаннан шықпай қол жеткізуге мүмкіндік беретін платформаны қалыптастырып жатырмыз».
Филиал Германияның жетекші қолданбалы ғылымдар университеттерінің бірі ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Германияның Қазақстандағы Бас консулдығының қолдауымен ашылды.
Дереккөз:
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі
https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1039094